Мєулана – Hacı Ahmet Şimşek

A+
A-

Жұмыстың жалпы сипаттамасы.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі.

Dr. Hacı Ahmet Şimşek

2003 жылдың қараша айының 28 күні Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің мәжілісі болып, онда “Мәдени мұра” бағдарламасының жобасы талқыланып, мақұлданды. Осы Ұлттық Кеңес мәжілісінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке мемлекеттік арнаулы “Мәдени мұра” бағдарламасын түзіп, оны жүзеге асыруды еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін ғалымдарға, творчестволық одақтар мен баспаларда еңбектеніп жүрген шығармашылық топтарға тапсыруды мұқияттаған болатын [1].

Осыған сәйкес, қазір Елбасымыздың өзі ұсынып, үкімет түзген Бағдарлама аясында халқымыздың орасан мол мәдени мұрасы, сондай-ақ әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері қордаланып, зерделенуде. Осылайша жинақталып, зерделеніп жатқан мұралардың ішінде шығармашылығы ғаламдық ғылыми ойдың дамуына үлес қосқан, шыққан тектері қазақ халқының да дінінде бар түркілік жұрттың ұлы ойшылдары Әбу Нәсір әл-Фарабидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Махмут Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Исмайл әл-Жауһаридің, т.б. ең озық туындылары қазақ тіліне аударылып, оларға түсініктеме жазу, оларды зерттеп, зерделеу жұмыстары ойдағыдай атқарылып келеді. Қазақ халқына шығармашылығы осындай аударма жұмыстары арқылы таныс, бірақ әлі зерттеліп, ғылыми айналымға түсіп, зерделене қоймаған шығармашылық иесі түбі түркілік салжұқ жұртының ұлы ойшылы Маулана Жалал әд-Дин Руми (30.9.1207, Бeлх – 17.12.1273, Түркия, Кония қаласы). Жалал әд-Дин Руми шығармашылығы тек мұсылмандық Шығыс әлемі ғана емес, бүкіл дүниежүзі халықтарының дүниетанымына, рухани өмірінің барлық салаларына (дініне, философиясына, моральдық-этикалық және құқықтық ілімдеріне, әдебиетіне, поэзиясына, тәлім-тәрбиесіне, т.т.) дерлік ықпал етіп, теңдессіз руханияттық құндылықтардың тууына негіз қалаған ұлы ойшыл. Оның барлық еңбектерін сөз етпей-ақ, тек қана атын әлемге әйгілі еткен шығармасы, шамамен 26000-дай қостаған жолды бәйіттерден тұратын “Мәснәуиі” – “Жасырын мән хақындағы дастаны” дүниежүзі халықтарының барлық тілдеріне дерлік аударылған десек артық айтқандық емес.

Десек те, шыққан тегі түркілік салжұқ жұртынан болғанымен, Жалал әд-Дин Руми шығармашылығы түркиялықтардан тыс түркі жұртына таныс емес. Немесе, әлі де толық танылмаған. Мұның себебі, мүмкін, Жалал әд-Дин Руми өз шығармашылығын негізінен парсы тілінде жазғандығынан болар (Жалал әд-Дин Руми өмір сүрген ХІІІ ғасырда Анадолыда жазу, іс қағаздарын толтыру, негізінен, парсы және араб тілдерінде жүргізілген). Сондықтан да болар ирандықтардың да, өзге халықтардың да Жалал әд-Дин Румиді парсылық деп есептеулері. Алайда, ақиқат шындығында, Жалал әд-Дин Руми әкесі жағынан да, анасы жағынан да тектіліктерімен аттары аңызға айналған ақсүйек Түрік жанұясына жатады. Анасы, Белх Әмірі Руннеддиннің қызы Мумине Хатун. Әжесі, Хорасан Сұлтаны Джалаледдин Хорезмшахтың қызы Мелике-и Джихан Еметуллах Сұлтан, атасы ірі ғалым Ахмет Хатиби-ұлы Жалаледдин Хусейн Хатиби. Әкесі өз заманында Султан-ул Улема – “білімділердің сұлтаны” лақап есімін иеленген өте ірі дінтанушы ғалым Мұхаммед Бахаеддин Велед (Сопылықта араб немесе парсы жұртынан шыққан шейхтерге “қутб ул-ақтаб” – “әулиелердің әулиесі” атағын, ал Түркі әулетінен шыққан шейхтерге “Султан-ул Улема” – “білімділердің сұлтаны” атағын беру дәстүрлі ғұрып. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауиді мүридтері көбінесе Сұлтан Ахмет (Әзірет Сұлтан) деп дәріптеген) [2-4]. Осыған сәйкес, біздің мақсатымыз өз уақтысында Әбу Насыр әл-Фарабидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Махмут Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Исмайл әл-Жауһаридің, т.б. еңбектеріндегі философиялық, әлеуметтік-этикалық және педагогикалық ой-пікірлермен оларды өмірге келтірген текті жұрт – түркі халықтары таныстырылғандығы сияқты, түпкі тегі – түркі жұртшылығының қазіргі буынының Жалал әд-Дин Руми шығармашылығындағы тәлімдік терең мәні бар діни және әлеуметтік-философиялық ой-сананың маржандарымен танысуына жәрдемші болу.

Тақырыптың зерттелу деңгейі.

Жалал әд-Дин Руми еңбектері әлем халықтары тілдеріне ең көп аударылған туындылар санатына жатады. Дей тұрғанмен, 2003 жылы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы “Қазақ университеті” баспасынан белгілі шығыстанушы ғалым, ақын-аудармашы Өтеген Күмісбаевтың “Парсы поэзиясы. Хрестоматия” деп аталатын кітабында тікелей парсы тілінен қазақ тіліне аударылған Рудаки, Фирдоуси, Ибн Сина, Нәсір Хұсро, Омар Хайям, Хафиз, Сағди және т.б. өлеңдерінің қатарында Жалал әд-Дин Румидің де бірнеше қостағандары аударылғандығын сөз етпесек, оның негізгі еңбектері қазақ тіліне аударылмаған [5]. Ал, орыс тілінде оның біршама еңбектері аударылғандығымен [6-7], біз оларды орыс тілін білмегендіктен пайдалана алмадық. Сондықтан, осы зерттеу жұмысында Жалал әд-Дин Румидің негізінен түрік тілінде жарияланған еңбектерінің мазмұнында өзектелген діни және әлеуметтік-философиялық ой-санасы сараланды [8-21].

Жалал әд-Дин Руми шығармашылығының зерттелу деңгейін бағамдар болсақ, оның негізгі еңбектері туралы жазылған түсініктемелер, зерттеулер баршылық. Бірақ олардың барлығы дерлік шет ел тілдерінде [22-36]. Сондықтан біздің осы зерттеу еңбегіміз қазақ тілінде Жалал әд-Дин Румидің діни және әлеуметтік-философиялық ой-санасын бағамдаған тұңғыш еңбек десек артық айтқандық бола қоймас.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.

Зерттеу жұмысының мақсаты Жалал әд-Дин Румидің діни-дүниетанымдық көзқарасын жүйелеп зерттеу және осы ойшылды Қазақстан жұртшылығына кеңінен насихаттап, оның адамшылық туралы айтқан терең қағидаларымен таныстыру. Осы мақсатқа сәйкес зерттеу жұмысының мынадай міндеттері белгіленді:

–  Румидің шығу тегін нақтылау және отбасылық жағдайдың оның шығармашылығындағы әсерлерін көрсету;

–  Анадолыдағы тарихи, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени жағдайдың Румидің дүниетанымының қалыптасуындағы орнын көрсету;

–  Руми сопылық дүниетанымындағы ерекшеліктердің діни-философиялық негіздерін айқындау;

–  Руми дүниетанымындағы  адам мәселесіне діни-философиялық тұрғыдан талдау жасау;

–  Румидің әйел жайлы ой-толғамдарындағы өзіндік ерекшеліктерді ашып көрсету;

–  Румидің дос, достық және жолдастық туралы ойларын шығармалары арқылы сараптап, сопылық дәстүрдегі орнын зерделеу;

–  Руми шығармаларын қазақ тілінде қазақ философиясын оқып үйренушілерге қосымша еңбек ретінде ұсыну;

Зерттеу жұмысының нысаны – суфизмнің көрнекті өкілі, хакім Жалал әд-Дин Румидің шығармашылығындағы рухани құндылықтар туралы ой-пайымдаулары.

Зерттеу жұмысының пәні– Жалал әд-Дин Румидің діни-дүниетанымдық көзқарасын зерттеу.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негіздері.

Диссертация қоғамдық ғылымдарға ортақ жалпы танымдық және арнайы әдістерге, тарихи-салыстырмалық, тарихи-хронографиялық тұрғыда зерттеу әдістеріне сүйеніліп жазылды.

Диссертацияны жазу барысында автор Руми туралы іргелі еңбектер жазған белгілі түрік ғалымдары Абдулбаки Гөлпынарлы, Фуад Көпрүлү, Мехмет Өндер, Эфлаки Ахмет, Нериман Хикмет, Шефик Жан, француз ғалымы Роланд Монтран, ағылшын ғалымы Николсон Рейнолд Аллиндердің еңбектеріне арқа сүйеді.

Сондай-ақ тақырыпқа қатысты жазылған орыс тіліндегі Б. Бабаджанов, А.А. Хисматуллин, Н. Одилов, Эрнст Карл, Радий Фиш, Идрис Шахтардың, қазақ тіліндегі Ғарифолла Есім және тағы да басқа авторлардың еңбектеріне елеулі көңіл бөлінді. Диссертацияның теориялық негізі ретінде ислам дінінің ең басты қасиетті кітабы – Құранда айтылатын тәлім-тәрбиелік уағыздар алынды, түркі тілдес халықтар мен шетелдік зерттеушілердің талданылып отырылған тақырыпқа байланысы бар еңбектері, ұлы ғұламаның өз еңбектері, өмірі мен қызметінен деректік және фактілік мәліметтер пайдаланылды

Диссертациялық зерттеудің жаңалығы.

Жалал әд-Дин Румидің діни және әлеуметтік-философиялық ой-санасы диссертациялық жұмыста тұңғыш қойылып, зерттеліп отыр. Түркі әлемінде өзіндік орны бар дара ақын туралы бұл ізденіс қазақ тілінде жазылған тұңғыш зерттеу болып табылады. Диссертацияда Румидің дүниетанымына әсер еткен отбасылық, тарихи, мәдени, саяси, әлеуметтік жағдайлардың маңызы, сопылық дүниетанымының қыр-сырлары ашып көрсетіліп алғаш рет діни-философиялық тұрғыда сараланды. Мұның өзі мынадай ғылыми нәтижеге қол жеткізуге  мүмкіндік берді:

– Жалал әд-Дин Румидің шықан тегі анықталып, оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да тектіліктерімен аттары аңызға айналған ақсүйек Түрік жанұясынан екендігі нақтыланды;

– Жалал әд-Дин Руми өмір сүрген дәуірдегі Анадолыдағы тарихи, саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени жағдайға талдау жасалынып, ұлы ғұламаның ислам діні аясында пайда болып, дамып қалыптасқан діни-философиялық ағым-суфизмдегі өзіндік орны мен рөлі айқындалды;

–  Жалал әд-Дин Руми еңбектеріне жалпылама сипаттама жасалып, шығармашылығындағы ой маржандарының діни, әлеуметтік-философиялық және этикалық-эстетикалық мәндері бағамдалды;

–  Жалал әд-Дин Румидің адамның мәні, тұрмыс-тіршілігі және әдептік бейнесі жайлы ұғым-түсініктерінің мән-мағыналары сараланып, автор айтқан ой-пікірлердің әлеуметтік-философиялық, моральдық-этикалық және адамшылдық-гуманистік мазмұнының тереңдігі, беріктігі және өміршеңдігі нақтылы адам болмысы, тұрмыс-тіршілігі, адамгершілік қадір-қасиеттері, өмірлік, күнделікті тұрмыстық фактілер негізінде екшеленіп, жан-жақты ашылып, көрсетілді, негізделді;

–  Жалал әд-Дин Румидің әйел құқықтары және оның отбасындағы орны мен рөлі туралы пайымдаулары жан-жақты талданып, сараланды;

–  Жалал әд-Дин Румидің дос, достық,  жолдастық туралы айтқан пікір-пайымдаулары екшеленіп, дос-жаранның адам өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, қызметіне, ел арасындағы беделіне тигізетін игі ықпалының, әсерінің маңыздылығына талдау жасалынды, сол арқылы оның адамгершілік, имандылық, басқаны қадірлеп-құрметтеу, басқаға сүйіспеншілік, бауыр-малдық, жалпы адамзаттық және ұлттық мінез-құлық пен моральдық-этикалық құндылықтардың үйлесімділігі, азаматтық позицияның ұлттық менталитет пен жалпы адамзаттық сана-сезім арасындағы бір-біріне кіріге байланысқан мүдделік қағидалық принциптері сияқты жалпы адамзаттық идеяларды жұртшылықтың бойына  сіңдіруге ұмтылғандығы жан-жақты негізделіп, нақтыланды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар.

Жалал әд-Дин Румидің діни және әлеуметтік-философиялық ой-санасын зерттеу барысында бұрын-соңды жете зерттелмей қалған қырларын талдап тексеру барысында негізінен мынандай тұжырымдар жасалды:

–  Жалал әд-Дин Руми өзінің шығу тегі жағынан таза түрік жанұясына жатады; Руми дүниетанымының қалыптасуына өзі өмір сүрген дәуірдегі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайлардың тікелей әсері болды және ол Руми шығармашылығында айқын көрініс тапқан.

–  Жалал әд-Дин Румидің дүниетанымында адам парасатты, иманды, елгезек те қарекетшіл, санасы жоғары құдай жаратқан тіршілік иесі, сонымен бірге құдайдың жер бетіндегі билік тізгінін ұстаған “елшісі” ретінде әлемді өзгерте алатындығы тұрғысынан құдайға көбірек ұқсайды.

–  Жалал әд-Дин Руми түсінігінде адам табиғаты таза, әрі құдыретті, пейілі Құдай жағына ауған, “Құдіреттің құпиясын сақтаушы” ерікті пенде; осыған қарамастан  көрсеқызарлық, іштарлық, сараңдық, ұятсыздық, қанқұмарлық т.б. жағымсыз қасиеттері бар екіұдай қасиетке ие ерекше жаратылыс.

–  Жалал әд-Дин Руми әйелдерді Қ.А. Ясауи секілді өз мәжілістеріне қатыстырып, бірлікте құлшылық жасаған және әйел баласына ислам діні негіздері аясында ерекше мән берген дара ақын, философ.

–  Жалал әд-Дин Руми дүниетанымында әйел баласы Құдайдың жер бетіндегі тіршілік атаулының амандығын сақтаушы тұғырлық негізі; әйел баласы рухы өте жоғары, күрделі істердің шешімін тапқыш, махаббат деген ыстық сезімнің қоздырушы күші.

Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы.

Диссертацияның мазмұнын, ғылыми тұрғыдан дәлелденген тұжырымдарын “Философия тарихы”, “Дінтану”, “Әлеуметтану”, “Этика” және “Әдебиеттану” курстарын оқытуда пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы.

Диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің философия және саясаттану факультетінде орындалды. Зерттеу жұмысының ғылыми тұжырымдары мен әлеуметтік, діни-философиялық қағидалары қазақ және басқа тілдерде жарияланған мақалаларында толығынан қамтылып, әртүрлі ғылыми басылымдарда, бірнеше халықаралық және республикалық конференцияларда, аймақтық, республикалық ғылыми-практикалық семинарлар мен оқу-әдістемелік жиындарда жасаған баяндамаларында баяндалып, оқу процестеріне енгізілді.

Жұмыс нәтижелерінің мақала түрінде жарық көруі:

1 Мевлана Желаледдин Румидің адамға көзқарасы // Бірінші  Халықаралық Туркология Конгресі. – Түркістан, 2002. – 44 б.

2 Мевлана Желаледдин Румидің адамға көзқарасы // Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт ата мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті, 2003. – 58 б.

3 Дін және бүгінгі адам мәселесі. Бүгінгі дінтану мәселелері симпозиумы // ХҚТУ, – Түркістан, 2003. – 49 б.

4 Суфизм: мәні, негізгі сипаттамалық белгілері және жүйелік құрылымы // Философский альманах. – 2005. – №3. – 74 б.

5 Суфизмнің қалыптасу тарихындағы тұрақтардың орны // Философский альманах. – 2005. – №3. – 52 б.

6 Мәулевиліктегі сема зікірі // ҚазҰУ Хабаршысы. Философия сериясы. –2005. – №1. – 193 б.

7 Мәулана Жалал Әд-Дин Руми – Түрік // ҚазҰУ Хабаршысы. Философия сериясы. – 2005. – №1. – 190 б.

8 Жалал Әд-Дин Румидің әйел құқықтары және әйелдің отбасындағы орны мен рөлі туралы пайымдары // Қазақстандық Өркениет: Адамның  әлеуметтенуі мен бейімделуі мәселелері: Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы, 2005. – 61 б.

9 Sosyal denge acisindan zekat // Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Хабаршысы. –1999. – №3. – 83 б.

Диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасының мәжілісінде 2005 жылдың 28 желтоқсанында  (хаттама №4) талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды…?

Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі.

Зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес диссертациялық жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен (алты бөлімшеден), қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі 126 бет.